Сауда базарын жаңғырту талабын орындамаған субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Сауда базарын жаңғырту талабын орындамаған субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қонаев қаласындағы «Алға» сауда базарында жаңғырту жұмыстарының басталмауына байланысты Қонаев қаласы әкімдігінің ресми хаты негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап. 

Тексеру нәтижесінде жергілікті Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті базарағы 7 сауда субъектісінен заң бұзушылықтарды анықтады. Аталған субъектілерге анықталған кемшіліктерді 31 желтоқсанға дейін жою туралы нұсқама берілген.

Қабылданған әкімшілік шаралармен келіспеген «Market Giant» ЖШС Қонаев қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотына шағымданды. Бір айға созылған сот процесінің қорытындысы бойынша серіктестіктің арызы қанағаттандырылмай, департаменттің қаулысы күшінде қалды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Алматы облысында 60 сауда базары тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 9-ында жаңғырту жүргізіліп жатыр.
«Республика бойынша 588 сауда базары тіркелген. Оның ішінде 366-сы әмбебап сауда базары. Қазіргі уақытта 189 сауда базары жаңғыртылды, тағы 67 нысандағы жұмыс жыл соңына дейін аяқталмақ. Қалған 110 базар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келеді.

Сауда базарларын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. 2021 жылға дейін 84 базар, 2021 жылы 4, 2022 жылы 33, 2023 жылы 19, 2024 жылы 16, 2025 жылы 33 сауда базары жаңғыртылды», делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бекіткен Жол картасына сәйкес, 2025 жылы 100 сауда базарын жаңғырту жоспарланды.

Алайда жекелеген нысанда құрылыс және ұйымдастыру жұмысының аяқталмауына байланысты жобаларды іске асыру мерзімі қайта қаралды. Базарларын жаңғыртуды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау белгіленді. Бүгінде 33 сауда базарын жаңғырту толық аяқталды, тағы 58 нысанда жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыс 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Еске сала кетсек, Астанада 29 және 30 тамыз күндері кезекті қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.