«Сақ стиліндегі» жаңа 1 000 теңгелік банкнот айналымда: ескі үлгідегісін айырбастаудың қажеті бар ма

Бүгін, 16:29
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Сақ стиліндегі» жаңа 1 000 теңгелік банкнот айналымда: ескі үлгідегісін айырбастаудың қажеті бар ма
Фото: ҚР Ұлттық банкі

Астанадағы Қазақстан Ұлттық Банкінің Орталық филиалы 2025 жылғы 28 наурыздан бастап жаңа дизайндағы номиналды құны 1 000 теңгелік банкноттың қолма-қол ақша айналымында жүргенін жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл - «Сақ стилі» сериясымен шығарылған төртінші жаңа банкнот. Ол дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастаушысы болып саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен қазіргі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилінің» элементтеріне негізделген.

«Ескі үлгідегі барлық банкноттар біртіндеп айналымнан алынады. Тиісінше банкноттар айналымда қатар жүрген кезеңде халыққа ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейдегі банктерде немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдарында жаңа банкноттарға дербес айырбастаудың қажеті жоқ.

Банкноттардың айналымда қатар жүру кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2027 жылғы 28 наурыздан бастап барлық екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға 3 жыл ішінде, яғни 2030 жылғы 27 наурызға дейін айырбастайтын болады. Бұл ретте ҚҰБ филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды мерзімсіз қабылдайтынын атап өткен жөн», - деп жазылған Ұлттық Банктің Орталық филиалы хабарламасында.

Жаңа үлгідегі банкноттар мен ескі үлгідегі банкноттар айналымда қатар жүру кезеңінде заңды төлем құралы болып табылады, төлемдер мен аударымдардың барлық түрлерін жүзеге асыру, банк шоттарына аудару үшін оларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың атаулы құны бойынша қабылдауға міндетті. Заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.