Сәдібек Түгел: Астана қазақстандықтардың басты мақтанышына айналды
Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы Сәдібек Түгел «Алғашқы астаналықтар» бірлестігі мен Астана қаласы Халықаралық баспасөз орталығы атынан барлық қала тұрғындары мен қонақтарына Астана күніне орай жүрекжарды құттықтауын арнады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Аса құрметті Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары!
«Алғашқы астаналықтар» бірлестігі мен Астана қаласы Халықаралық баспасөз орталығының атынан атынан сіздерді 6 шілде мемлекеттік мереке Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президентінің 1997 жылдың 20 қазан күнгі жарлығымен 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Сондықтан да желтоқсан айының 10-күні Астана қаласының туған күні болып саналады.
Ал Астана күні – Қазақстан Республикасында жыл сайын 6 шілдеде тойланатын мемлекеттік мереке. Осы екі датаны айыра білуіміз дұрыс болады. Елорда күні алғашында қаланың астана атанып, халықаралық тұсаукесері өткен күнге байланысты 1998 жылдан бастап 10 маусымда аталып өткен. Кейін, сол кездегі депутаттардың ұсынысымен 2006 жылдан бастап Жоғарғы Кеңестің елорданы көшіру туралы шешім қабылдаған тарихи күніне, яғни 6 шілдеге ауыстырылды. Содан бері, 6 шілде Астана күні ретінде кеңінен тойланып келеді.
Біздер, алғашқы астаналықтар, сіздермен бірге жаңа елордамыз – Астана қаласының іргетасын қалауға және оның қарқынды дамып, өсіп-өрлеуіне атсалысқанымызды әрқашан мақтан тұтамыз.
Шын мәнінде, жиырмасыншы ғасыр мен жиырма бірінші ғасыр тоғысында, туған еліміздің абыройын асқақтатқан, ұлт өмірінде өте сирек кездесетін тарихи оқиға орын алды. Ол – қазақтың кең жазира даласы Сарыарқаның нақ төсінде теңдесі жоқ, таңғажайып жаңа шаһар – Астана қаласының салынуы. Бүгін Астананы бүкіл әлем танып, мойындады. Астана – дүниежүзіндегі ең сәулетті қалалардың біріне, қазақстандықтардың басты мақтанышына айналды. Ол – ең алдымен дана халқымыздың ерлігі әрі көрегендігі. Алғашқы астаналықтардың маңызы ерекше бастамасы және мәні жоғары әлемдік жобасы.
Астаналық тұрғын болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені шетелдіктер Астанаға қарап елімізді таниды. Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі. Астана қаласының әкімі Қасымбек Жеңіс Махмұдұлы бастаған шаһар басшылығы білікті де нәтижелі жұмыстар атқарып, қаланы таза ұстап, жарқыратып, жайнатып келеді. Оған біздер күнде куә болып, Астанаға ерекше үлес қосып келе жатқан азаматтарға зор алғыс білдіреміз. Аз да болса, азығы мол – жемісі көп 29 жылдың ішінде Астана беделі мен қуаты асқан, әлемге өз үлесін қосқан жасампаз қалаға айналды. Осы орайда айтарымыз, қаланың таза, көркем, әсем болуы сол қалада тұратын әрбір тұрғынға тікелей байланысты. Заманында халқымыздың ғұлама перзенті Әл-Фараби былай деген: «Адам сияқты шаһардың да тамырын жалғаған қаны, бойына біткен жаны болады. Тек оның тәнін тірі қылатын да, шаруасын ірі қылатын да – шаһар халқы».
Біздің айтарымыз күн сайын көркейіп, өсіп, өркендеп келе жатқан Астананың дамуына әркім өз үлесімізді аямай қосайық. Ең алдымен, қала басшылығының қарқынды жұмыстарына қолдау көрсетіп, Астананың тазалығына ат салысу; «астаналық» деген жоғары атаққа нұқсан келтірмеу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» атты республикалық маңызы зор акциясының аясында өткізіліп жатқан «сенбіліктер» мен шаһарды кір-қоқыстан тазартуға арналған жұмыстарға белсене қатысуға шақырамыз. Аталарымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған. Бәріміз бір кісідей жұмылып өз үйлеріміздің, жұмыс істейтін ғимараттардың айналасын және аулаларды қоқыстан тазартсақ, өте дұрыс болар еді. Сонымен қатар астаналықтар Астана қаласында өткізіліп жатқан мәдени іс-шараларға тікелей қатысып, оның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына себепкер боларына сенім білдіреміз. Бір сөзбен түйіндесек, сүйікті қаламыз Астананың өркендеуіне жұмыла ат салысайық, Астананың абыройы – мемлекетіміздің абыройы!
6 шілде - мемлекеттік мереке күні құтты болсын! Бақ қонып, ырыс дарыған Астана қаласы өсіп-өрлеп, қарыштап дами берсін!
Құрметпен,
Сәдібек Түгел - «Алғашқы астаналықтар» бірлестігінің төрағасы, Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы