Run for Autism: Астанада қайырымдылық жүгіру жарысы өтеді

Run for Autism: Астанада қайырымдылық жүгіру жарысы өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласындағы Ботаникалық бақта аутизм туралы ақпараттандыру айына орай қайырымдылық жүгіру жарысы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін іс-шара 26 сәуір күні ұйымдастырылады, басталу уақыты – 08:00. Желаяқтар 1 шақырым, 2,5 шақырым, 5 шақырым, 10 шақырым қашықтыққа жүгіреді. Тіркелу аранйы сайтта жүргізіледі.

Жиналған қаражат аутизмі бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға, құрал-жабдықтар алуға және «Bolashak Charity» қорының Құзыреттілік орталығында білім беру гранттарын ұсынуға бағытталады.



Жүгіру жарысы менталдық денсаулық тақырыбына арналады, яғни аутизм, депрессия, мазасыздық және басқа да менталдық жағдайлары бар адамдарды қолдауға бағытталған.

Бағдарламада түрлі қашықтыққа жүгіру, ерекше балаларға арналған эстафета және серіктестерден сыйлықтар ұтысы қарастырылған.
Жүлде қорында 20-ға жуық сыйлық бар, оның ішінде: 1 тонна бензин, смартфон, 5 жұлдызды қонақ үйге сертификаттар, кофе мен йогурт қоры, тау велосипеді және басқа да сыйлықтар.

Run for Autism 2026 жүгіру жарысы Астана қаласы әкімдігінің, сондай-ақ серіктестер мен демеушілердің қолдауымен өтеді.

Айта кетейік, Қазақстанда Run for Autism алғаш рет 2023 жылы өтті. Үш жыл ішінде оған 6 443 адам қатысып, 79 серіктес пен демеуші қосылды.
Жалпы 42 млн теңге жиналып, 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Нәтижесінде 200-ден астам бала қатарластарымен бірге білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Run for Autism – бұл тек спорт емес, аутизмді қолдауға бағытталған қоғамдық қозғалыс. Жүгіруге кәсіби спортшылар, әуесқойлар, белсенді азаматтар, ерекше балалардың отбасылары және инклюзия саласындағы мамандар қатысады.

Айта кетерлігі, «Bolashak Charity» қоғамдық қоры 2011 жылдан бері дарынды жастарды қолдау және аутизмі мен басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.

Еске сала кетсек, елімізде аутизмде медициналық оңалту көмегін ұсынатын 80 орталық бар.