Рейстер уақыты өзгерді: Бүгін Астана әуежайында жөндеу жұмыстары басталды

Рейстер уақыты өзгерді: Бүгін Астана әуежайында жөндеу жұмыстары басталды
Фото: Сұлтан Сейіт

15 сәуір мен 31 мамыр аралығында әуежайдың ұшу-қону жолағында күн сайын таңнан кешке дейін жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына сілтеме жасап.

Осы кезеңге сәйкес келетін рейстердің барлығы алдын ала қайта жоспарланып, ертерек орындалады немесе кешірек уақыттарға ауыстырылды. Осыған байланысты жолаушылар сапарын жоспарлау барысында рейс уақытына қатысты ақпаратты алдын ала нақтылап алғаны жөн.

Тексерістен өтер кезде өзге жолаушыларды көп күттірмеу үшін қол жүгін және багажды үйден шықпас бұрын алдын ала тексеріп, тыйым салынған заттар тізімімен алдын ала танысып алған абзал. Алдын ала дайындығыңыз сапарыңыздың тыныш әрі жайлы басталуына септеседі.

«Жөндеу жұмыстарына байланысты әуежайға алдын ала келуіңізді сұраймыз. Ішкі рейстерге кемінде 2 сағат бұрын, халықаралық рейстерге кемінде 3 сағат бұрын келу керек. Ұшар алдында қол жүгін алдын ала тексеріп алуыңызды өтінеміз. Тыйым салынған заттарға сұйықтықтар, өткір және тескіш заттар, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін заттар жатады. Бұл басқа да жолаушылардың уақытын үнемдеуге, тіркеу және тексеру аймақтарында кептелісті болдырмауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда терминалдағы қызметкерлерден көмек сұрай аласыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Астана әуежайы Орталық Азия мен ТМД-ның үздік өңірлік әуежайы атанды.