Астана әуежайы Орталық Азия және ТМД-ның үздік өңірлік әуежайы атанды
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы World Airport Awards 2026 нәтижесі бойынша Орталық Азия және ТМД-ның үздік өңірлік әуежайы атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл – аталған санаттағы әуежайдың төртінші жеңісі. Бұл көрсеткіш қызмет көрсету сапасының тұрақты деңгейін және жолаушылар тарапынан жоғары бағаланатынын айқындайды.
Skytrax компаниясының бас директоры Эдвард Плейстед:
«Бұл марапатты төртінші рет алу жолаушылар тарапынан жоғары сенім мен мойындаудың айқын дәлелі. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Орталық Азия және ТМД өңіріндегі өз позициясын нығайтып, жолаушыларға жайлы әрі тиімді қызмет көрсетуді жалғастыруда», - деп мәлімдеді.
World Airport Awards 2026 сыйлығы жолаушылар арасында жүргізілетін тәуелсіз жаһандық сауалнама негізінде беріледі және әлемнің 565-тен астам әуежайын қамтиды. 2026 жылы зерттеуге 100-ден астам елдің жолаушылары қатысып, тіркеу мен тексеруден бастап инфрақұрылым, сервис және ұшаққа отырғызуға дейінгі барлық негізгі кезеңдерді бағалады.
Әуежай бұл марапатты қазіргі деңгейдің дәлелі ретінде және сонымен қатар Skytrax Top 100 Airports жаһандық рейтингі аясындағы кешенді бағалауға дайындықтағы маңызды бағдар ретінде қарастырады.
Биыл халықаралық әуе хабын қалыптастыруға және әлемнің үздік 100 әуежайының қатарына кіруге бағытталған жаңа даму тұжырымдамасы бекітілді. Осы мақсатта алдағы жылдары халықаралық бағалаудың 800-ден астам критерийіне сәйкестік қамтамасыз етіледі.
Еске сала кетейік, Наурыз мейрамында қазақстандық әуе компаниялар 160 қосымша рейс шығарады.