Референдумда біз болашақ туралы стратегиялық таңдау жасауымыз керек - Елнар Берікбаев
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Стратегиялық талдау бөлімі басшысы Елнар Берікбаев Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасындағы өнер және білім беру саласындағы оң өзгерістер жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының пікірінше, әдетте адамдар реформаларды нақты нәтижесін көрген кезде қолдайды. Әркімді ең алдымен өзіне қатысты қандай өзгеріс болатыны және конституциялық реформадан қандай нақты пайда алатыны қызықтырады.
Ол ғылым және білім беру, мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға қатысты мәселелерге тоқталды.
«Маңызды бағдар Конституцияның Преамбуласында-ақ айқындалған. Онда мемлекет мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарына басымдық беретіні тікелей көрсетілген. Осылайша, мәдениет пен білім алғаш рет екінші кезектегі әлеуметтік сала ретінде емес, мемлекеттің құндылықтық негізі ретінде бекітіліп отыр.
Рационалды ойлау мен құбылыстар және үдерістер табиғатын ғылыми тұрғыдан түсіну халықтардың ілгері дамуы мен өркендеуіне серпін беретін негізгі күшке айналады. Елдің мәдени мұрасын сақтау және оны еселеу прогресті дұрыс арнаға бағыттап, оған тұрақтылық береді және оның бейберекет үдеріске айналуына жол бермейді. Себебі мәдениет – бұл мағыналар жүйесі, ұлттың тарихи жадысы мен бірегейлігі», - деді ол.
Елнар Берікбаевтың пайымдауынша, Конституцияның мәдениет пен білімге тікелей сүйенуі – мәдениет, өнер және білім саласы қызметкерлерінің кәсіби миссиясын ең жоғары деңгейде мойындау.
Конституция жобасының 33-бабында әркімнің білім алуға құқығы бекітіледі және ең бастысы – білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты айқындалады.
«Білім берудің зайырлы сипаты шығармашылық еркіндікке, оқыту еркіндігіне және ғылыми ізденіс бостандығына кепілдік береді. Музыкалық мектептер, көркемөнер академиялары, шығармашылық жоғары оқу орындары үшін бұл – идеологиялық немесе діни шектеулерсіз даму, заманауи әдістемелерді енгізу, тәжірибе жасау, еркін ойлайтын әрі креативті тұлғаларды тәрбиелеу мүмкіндігі деген сөз», - деді Елнар Берікбаев.
Іс жүзінде Конституция мәдениет пен білімсіз адамның жан-жақты дамуы мүмкін еместігін мойындайды.
Сарапшының айтуынша, келесі маңызды мәселе – 40-бап, онда тарихи және мәдени мұраны сақтауға жағдай жасау міндеті көрсетілген. Онда мәдени мұраны сақтау жеке бастама емес, конституциялық құндылық және қоғамдық міндет екені баса айтылған.
Бұл суретшінің, музыканттың немесе мұғалімнің жұмысы тек өз мамандығына ғана емес, сонымен қатар қоғамның тұрақтылығына да үлес қосатынын білдіреді.
«Тағы бір баса назар адаратын мәселе – 23-баппен зияткерлік меншікті қорғаудың конституциялық бекітілуі. Бұл шығармашылық мамандықтар үшін өте маңызды. Авторлық құқық және зияткерлік және көркем еңбек нәтижелері күшейтілген қорғауға ие. Бұл шығармашылықты хобби ретінде емес, құрмет пен әділ өтемақыға лайық толыққанды кәсіби қызмет ретінде қарастыруға бағытталған қадам», - деді Елнар Берікбаев.
Оның пікірінше, жалпы алғанда, Конституция жобасында ғылым мен білімге, мәдениетке және шығармашылық салаларға қатысты жаңа философия ұсынылады.
Конституция жобасының 1, 33, 40-баптары және кіріспесінде мәдениет пен білім адами капиталды дамытудың стратегиялық ресурстары ретінде танылған.
«Жаңа Конституция жобасын қабылдау референдумында біз болашақ туралы стратегиялық таңдау жасауымыз керек. Біз ондаған жылдардан кейін қоғамымызды қалай елестете аламыз деген сұраққа жауап беруіміз керек. Егер оның негізі ғылым, мәдениет және білім болса, онда біз білім мен дамуға ден қоямыз. Дәл осы негіз елдің жүйелі, мағыналы және ұзақ мерзімді прогресі үшін берік негіз қалайды», - деді ол.