Қыс басталғалы бері Астанадан 4,8 млн текше метр қар шығарылды
Қыс мезгілі басталғаннан бері Астананың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қаланы қардан тазарту күндіз-түні жүргізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде елордадан арнайы полигондарға 4 039 ауыр жүк көлігінің рейсімен 66 000 текше метрден астам қар мен мұз шығарылды.

13 ақпан күні таңертеңнен бастап қалада қар мен мұзды күреуге 1700-ден астам мамандандырылған техника мен 3042 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Жалпы, қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына 329 323 рейспен 4,8 млн текше метрден астам қар шығарылған.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіледі. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Бұдан бұрын «Астана Тазалық» машинисінің түнгі ауысымдағы жұмысы туралы репортаж жариялаған болатынбыз.