Құрылыс саласындағы цифрлық жүйелерді біріктіретін портал іске қосылды

Құрылыс саласындағы цифрлық жүйелерді біріктіретін портал іске қосылды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда цифрлық экожүйе енгізіліп жатыр. Жоспарлау және қадағалау процестерін бір ашық жүйеге біріктірген Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылды. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, құрылыс саласын цифрландыру жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Қағаз құжат айналымына балама ретінде Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. Электронды базада еліміздің барлық 89 қаласының бас жоспары жинақталған. Жүйе автоматты бақылау функциясын орындайды: егер құрылыс салушы ұсынған жобаның параметрлері қаланың бекітілген даму жоспарына сәйкес келмесе, рұқсат құжаттамасын беру бұғатталады.

«Мемлекет басшысы құрылыс сапасын арттыру үшін бірыңғай цифрлық платформа құру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі уақытта құрылыс саласында 3 ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Дегенмен, олардың жұмысы бытыраңқы жүргендіктен, бұл ыңғайсыз еді. Осыған байланысты Бірыңғай құрылыс порталы құрылды, ол қолданыстағы цифрлық жүйелерді біріктіруге және нысандар құрылысының барлық кезеңін қамтуға арналған», - деді министр.

Еске сала кетсек, Үкімет жеті жылда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салады.