Құрылтайда Президент Конституциялық құрылымға қатысты жүйелі өзгерістерді атап өтті – Ерлан Әбдиев
Бүгін Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Конституциялық құрылымға қатысты көптеген жүйелі өзгерістерді атап өтті. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Сол бастамалардың ішінен мен бүгін әлеуметтік әділдік қағидатына қатысты маңызды ұстанымға арнайы тоқталғым келеді. Президент әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған депутаттық квотаны сақтау қажет екенін нақты айтты. Президенттің сөзімен айтқанда:«Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын». Мен үшін, Мәжіліс қабырғасына алғаш рет келген әрі ерекше қажеттілігі бар азаматтарды өкілдік ететін депутат ретінде, бұл норма формалдылыққа келмейді, бұл аздаған қолдауды қажет ететін азаматтар үшін әлеуметтік лифт, әрі еңбегі мен қабілетіне қарай өсуге жол ашатын меритократиялық тетік», - деді депутат.
Халық қалаулысының айтуынша, біздің ортақ міндетіміз – ерекше қажеттілігі бар жандарды көмекке мұқтаж топ ретінде емес, қоғамның толыққанды әрі тең мүшесі ретінде қабылдау.
«Жұмысқа кіріспес бұрын өз алдыма нақты мақсат қойдым: қалыптасқан стереотиптерді өзгертіп, мүмкіндігі шектеулі болса да, мемлекет ісіне ең жоғары деңгейде, өзгелермен тең дәрежеде қызмет етуге болатынын нақты іспен дәлелдеу және қоғамда мүгедектігі бар адамның позитивті образын қалыптастыруға тамшыдай болсын үлес қосу. Күшті мемлекет – әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әр азаматқа құрметпен қарайтын мемлекет», - деді Ерлан Әбдиев.