Құрылтай сайлауында алғаш болып Сеулдегі қазақстандық студент дауыс берді
Қазақстан Республикасының азаматтары Құрылтай депутаттарын сайлауына бірінші болып Кореяда жүзеге асырды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. Бұл туралы Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Сеулдегі сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова өз таңдауын жасады.
— Мен Кореяда үш жылдан бері тұрып, қазіргі уақытта Корея университетінде білім алып жүрмін. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмауға және өз үлесімді қосуға тырысамын, — деді Ажар Кәрімжанова.
Оның айтуынша, сайлауға қатысу — әр азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілігі мен парызы.
— Біздің таңдауымыз еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Бүгін қабылданатын шешімдер ертеңгі Қазақстанның даму бағытын айқындайды. Сондықтан жастардың өз пікірін білдіріп, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуы өте маңызды, — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Бүгін 03:00–де Сеул (Оңтүстік Корея) мен Токиода (Жапония) сайлау учаскелері ашылды.