ҚР еңбек сіңірген спорт шебері: Ата заң - елдің болашағына бағытталған маңызды құжат
Мемлекет спортты қолдаса, жастар бос уақытын пайдалы іске жұмсап, ел намысын қорғауға ұмтылады. Мұндай пікірді 2024 жылы Парижде өткен жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы, пара дзюдодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ақмарал Науатбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ата заң - елдің болашағына бағытталған маңызды құжат. Бұл заң әр азаматтың қоғамдағы орнын нақтылап, жауапкершілік пен тәртіпті күшейтуге мүмкіндік беруге тиіс. Спортта әділ ереже болмаса, жеңіс те мәнін жоғалтады. Сол сияқты қоғамда да заң бәріне бірдей қызмет еткенде ғана әділдік орнайды. Конституцияда заң үстемдігі мен тең мүмкіндік қағидаларының күшейтілуі әр адамның еңбегі бағаланатын орта қалыптастырады. Мен үшін жастарды қолдау, білім мен спортты дамытуға мән берілгені қуантады. Бұл дені сау, мақсатты және отаншыл ұрпақ тәрбиелеудің негізі. Мемлекет спортты қолдаса, жастар бос уақытын пайдалы іске жұмсап, ел намысын қорғауға ұмтылады.
Сонымен қатар, азаматтық белсенділік пен ел тағдырына немқұрайлы қарамау абзал. Спортшы ретінде мен әр адам заңды құрметтеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі маңызды деп есептеймін», - деп жазды Ақмарал Науатбек.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.