Қонаев қаласының келбеті «баяғы жартас – сол жартас» күйінде - Президент

Бүгін, 13:59
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қонаев қаласының келбеті «баяғы жартас – сол жартас» күйінде - Президент
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүріп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алайда, бір олқылыққа назар аударғым келеді. 

Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде.  

Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет», - деп айтты Президент. 

Ол сондай-ақ Alatau city жобасына зор үміт артылып отырғанын тілге тиек етті. 

«Өздеріңіз де білесіздер, жаңа қала салу туралы шешім экономикамызда күрделі жағдай болған кезде қабылданды. Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз.

Alatau city жобасы – шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады. 

Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім.  

Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет.  

Осы бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беруіміз керек», - деді Президент.

Еске салсақ, Президент Алатау қаласын «қарқынды дамитын қала» деп жариялады.