Қазақстандықтар күн сайын 509 млрд теңгеге қолма-қол ақшасыз операция жасайды
Ұлттық Банк 2026 жылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша төлем қызметі нарығының даму барысына шолу дайындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан Ұлттық Банкіне сілтеме жасап.
2026 жылғы І жартыжылдықтың нәтижесі төлем нарығының орнықты дамуымен және халықтың қолма-қол ақшасыз операцияларының өсуімен сипатталады.
Төлем карталары мен электрондық банк қызметі нарығында халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары (саны 7,1 млрд транзакцияға дейін 5,1%-ға және көлемі 92,1 трлн теңгеге дейін 4,2%-ға) үздіксіз өсіп келеді. Есесіне, қолма-қол ақша алу операцияларының саны мен көлемі (саны 5,8%-ға және көлемі 3,8%-ға) азайған.
Күн сайын халық арасында орташа есеппен 509 млрд теңгеге 39 млн астам қолма-қол ақшасыз операция жүргізіледі. Қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің 90%-ы интернет, банктердің мобильді қосымшалары мен QR-код арқылы жасалады.
Сонымен қатар QR-мен жүргізілген операциялар саны мен көлемі POS-терминал арқылы төлем картасы пайдаланылған операциялардың саны мен көлемінен тиісінше 38%-ға және 13%-ға көп болды.
Бұл көрсеткіштер цифрлық төлем тәсілдері тұтынушылардың күнделікті әдетіне айнала бастағанын айғақтап, елдегі цифрлық экожүйеге халықтың белсенді араласып жүргенін көрсетеді.
Ұлттық Банк қаржы, корпоративтік және мемлекеттік секторлардың төлемдеріне қызмет көрсететін Банкаралық ақша аударымдары жүйесінен және Банкаралық клиринг жүйесінен басқа, халықтың жеке транзакцияларын өңдеуге арналған Төлем карталарының банкаралық жүйесі мен Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің (ТКБЖ мен БМТЖ) жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
ТКБЖ Қазақстан аумағында төлем карталарымен жүргізілген банкаралық транзакцияларды өңдеуге арналған. ТКБЖ 2026 жылғы 6 айда 3,3 трлн теңгеге 350 млн астам транзакцияны өңдеді.
БМТЖ банкаралық транзакциялардың телефон нөмірі мен QR-код арқылы жүргізілуін қамтамасыз етеді. БМТЖ іске қосылғалы бір айда (биылғы шілдеде) 210 млрд теңгеге 8 млн астам транзакция өңделді.
Халықаралық ақша аударымдары жүйесі шетелге ақша аударып, сырттан ақша алу әдісінде халық сұранысына ие болып отыр. 2026 жылғы І жартыжылдықта халықаралық ақша аударымы жүйелері арқылы жіберілген аударымдардың жалпы көлемі – 314 млрд теңгеге 881 мың транзакция. Ал, шетелден алынған аударымдардың орташа сомасы (2025 жылғы 6 айдағы деректермен салыстырғанда) 9%-ға ұлғайғаны байқалады.