Қазақстандықтар енді пойыздардың қозғалысын онлайн бақылай алады

Қазақстандықтар енді пойыздардың қозғалысын онлайн бақылай алады
Фото: ҚТЖ

Қазақстандық жолаушылар енді пойыздардың қозғалысын онлайн режимде бақылай алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚТЖ мәліметінше, вокзалға бармас бұрын жолаушылар пойыздың нақты қай жерде келе жатқанын алдын ала тексере алады. Ол үшін арнайы tablo-railways.kz сайтындағы «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» сервисі іске қосылған.

Онлайн-табло жолаушылар пойыздарының қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қызмет арқылы картадан пойыздың қазіргі орнын көруге, келу және жөнелту уақытын нақтылауға, маршруттағы станциялар тізімімен танысуға, аялдау ұзақтығын және соңғы станцияға жетудің болжамды уақытын білуге болады.

Мамандардың айтуынша, бұл сервис, әсіресе, жолаушылар ағыны көп кезеңдерде тиімді. Оның көмегімен азаматтар жолға шығу уақытын дәлірек жоспарлап, вокзалда артық күтуден құтылады.

Қызметті пайдалану үшін tablo-railways.kz сайтына кіріп, қажетті пойызды таңдау жеткілікті. Сондай-ақ сервиске bilet.railways.kz ресми сайты арқылы да өтуге болады. Ол үшін басты беттегі «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» баннерін басу қажет.

ҚТЖ жолаушыларға пойыз қозғалысын алдын ала тексеріп отыруға кеңес береді. Әсіресе, сапар бірнеше бағытпен жалғасатын жағдайда, вокзалда жолаушыларды қарсы алу кезінде немесе маршрутты әрі қарай жоспарлау қажет болғанда бұл қызмет уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Онлайн-табло жүйесі жолаушылар пойыздарына орнатылған GPS-трекерлердің деректері негізінде жұмыс істейді. Ақпарат автоматты түрде «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ахуалдық орталығына жіберіліп, пойыздардың қозғалысы тәулік бойы бақылауда болады.

Бұған дейін жыл басынан бері пойызбен 500 мыңнан астам бала тасымалданғанын жазған едік.