Қазақстандық жоғары оқу орны түркі әлемінің үздік бес университетінің қатарына енді
Nazarbayev University түркі әлемінің үздік бес университетінің қатарына енді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, алғаш рет беделді халықаралық Times Higher Education рейтингі Орталық Еуразия университеттерінің рейтингін жариялаған.
Аймақтағы 122 жоғары оқу орнының ішінде Nazarbayev University түркиялық Boğaziçi University университетімен қатар 4-орынға ие болған.
Рейтинг 2026 жылғы жаһандық World University Rankings деректеріне негізделген.
«2010 жылы құрылғанына қарамастан, NU рейтингке қатысқан қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде Орталық Азияда көшбасшы болып қала береді. Ол тек үш түрік университетіне – Koç University (1993 жылы құрылған), Middle East Technical University (1956 жылы құрылған) және Sabanci University (1994 жылы құрылған) жол берді», - делінген хабарламада.
ЖОО президенті Вакар Ахмадтың айтуынша, бұл жетістік NU-дың Орталық Еуразиядағы алдыңғы қатарлы университет ретіндегі орнын айқындай түседі.
«Біздің мақсатымыз – зерттеу, инновация және білім беру саласында әлемдік деңгейге көтеріле отырып, Қазақстан мен бүкіл өңірдің дамуына үлес қосу. Стратегиялық басымдықтарды нақтылау, академиялық басқаруды күшейту және ғылыми зерттеулер мен инновацияларға салынған инвестициялар осы мақсатқа жету жолындағы ілгерілеуді жеделдетеді. Алдағы жылдары бұл нәтижелер университеттің халықаралық рейтингтердегі көрсеткішінен айқын көрінеді деп сенеміз», - деді ол.