Қазақстандық педагог халықаралық INSPIRATION AWARD сыйлығының иегері атанды
Павлодар облысындағы Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Гүлмира Мешітбаева халықаралық ETF New Learning Award 2026 кәсіби байқауында INSPIRATION AWARD сыйлығының иегері атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ETF New Learning Award – білім беру саласындағы озық тәжірибелерді анықтауға, қолдауға және халықаралық деңгейде таратуға бағытталған беделді бастама. Байқау әлемнің түрлі еліндегі педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

Қазақстандық педагог байқауға «Бастауыш білім беру» мамандығы студенттерін даярлау барысында қолданылып жүрген SCAFFOLD карталары негізіндегі тәжірибесін ұсынды. Аталған әдістеме студенттердің цифрлық технологияларды тиімді меңгеруіне ықпал етіп, олардың білім беру жобалары мен оқу сайттарын әзірлеуіне жол ашқан.
Жасалған жобаларда бейнематериалдар мен әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар қамтылған. Олар бастауыш сынып оқушыларын оқытуда заманауи тәсілдерді енгізуге көмектесіп қана қоймай, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп, ата-аналарға да практикалық ұсынымдар береді.

Министрліктің мәліметінше, SCAFFOLD технологиясы Қазақстанда DARYA SCAFFOLD пилоттық жобасы аясында енгізілген. Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж аталған жобаға 2024 жылдың қыркүйегінен бері қатысып келеді. Бүгінде студенттер бұл әдістемені оқу процесінде меңгеріп, педагогикалық практика барысында мектептерде қолданып жүр.
Халықаралық сарапшылар қазақстандық оқытушының тәжірибесін жоғары бағалап, оның жұмысын «Scaffold құралдарын пайдалану арқылы мұғалімдердің мүмкіндіктерін кеңейту» номинациясы бойынша INSPIRATION AWARD сыйлығына лайық деп таныды.
Жеңіс нәтижесінде Гүлмира Мешітбаеваға өз тәжірибесін Бельгияның Брюссель қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстыру мүмкіндігі берілді.
Бұдан бұрын астаналық колледжде жұмысшы мамандар қалай дайындалатыны жайлы жазған болатынбыз.