Қазақстандағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы 2400 мұздықты зерттеді
Ғалымдар 930 шаршы шақырымда орналасқан 2400 мұздықты зерттеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Гүлзат Көбенова Мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжіліс отырыснда депутат Ерболат Саурықов Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Гүлзат Көбеновадан Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығында осы күнге дейін қай елдің ғалымдары қандай ғылыми зерттеулер жүргізгенін сұрады.
«2021 жылдың 21 наурызында өз жұмысын бастаған орталық осы уақытқа дейін 11 ғылыми жобаны жүзеге асырды. Соның ішіндегі 10 ғылыми жоба – халықаралық деңгейдегі жоба. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында тек Орталық Азияның ғалымдары емес, сонымен қоса Аустрия, Ұлыбритания, Швейцария, Германия елдерінің ғалымдары да тартылды. Нақты нәтижелер туралы айтатын болсақ, ғалымдар 930 шаршы шақырымда орналасқан 2400 мұздықты зерттеді. Нәтижесінде мұздықтардың каталогтары жасақталды. Ал толық су мұздығы әлемдік обсерватория каталогына енгізілді», - деді Гүлзат Көбенова.
Сонымен қатар ол ғылыми зерттеу нәтижелері мен мониторинг аясында салалық мемлекеттік органдарға ақпарат ұсынылатынын айтты.
«Соның ішінде жедел ақпараттар Төтенше жағдайлар министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне ұсынылады. Мысалы, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен таулы жерлерден су жинақталған кезде селден қорғау қауіпсіздік шаралары жөнінде нақты ұсыныстар беріледі немесе Қазгидромет мекемесіне климаттың өзгеруіне байланысты ақпараттарды жолдайды», - деді Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астанада «жасыл сутегі» өндіретін алғашқы отандық қондырғы іске қосылғанын жазған едік.