Қазақстанда жаңа мұнай-газ орындарын іздеу үшін 200 ұңғыма бұрғыланады

Қазақстанда жаңа мұнай-газ орындарын іздеу үшін 200 ұңғыма бұрғыланады
Фото: Энергетика министрлігінен

Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров бұрғылау көлемін ұлғайту жаңа кен орындарын ашу және еліміздің ресурстық базасын толықтыру үшін қажет екенін атап өтті. Бұл туралы Атырауда өткен KAZDRILLING конференциясында айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Жиында барлау-бағалау бұрғылауының перспективасры, сервистік нарықтың дайындығы және отандық бұрғылау саласын одан әрі дамыту мәселесі талқыланды.

Болжамды бағалауға сәйкес, барлау-бағалау бұрғылауының көлемі 2026 жылы шамамен 80 ұңғыма, ал 2027–2028 жылдары тағы 120 ұңғымаға жетуі мүмкін.

«Мұнай-газ әлеуеті жоғары, аз зерттелген шөгінді бассейндерге ерекше назар аударылды. Мұндай учаскелерді беру тәртібі жеңілдетілді: өтінім келіп түскеннен кейін министрлік 10 жұмыс күні ішінде аукцион өткізеді. Жұмыс бағдарламасына сәйкес алғашқы үш жылда учаске аумағының кемінде 30 пайызында сейсмикалық барлау жүргізу және кейіннен барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген», делінген хабарламада.

Қазақстандық қамтуды дамытуға да ерекше мән берілді. Атап айтқанда, Атыраудағы «Жігермұнайсервис» зауыты бұрғылау қашауын, калибратор және басқа да бұрғылау жабдығын шығарады.

Еске сала кетсек, елімізде мұнай өңдеу қуаты 40 млн тоннаға дейін артады.