Қазақстанда жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр

Қазақстанда жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр
Фото: Жалпыұлттық коалициясының медиа-штабы

15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында үгіт-насихат науқаны соңғы кезеңіне аяқ басты. Тыныштық күніне аптаға жуық уақыт қалғанда, елдің барлық өңірінде үгіт жұмыстарының қорытынды кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жалпыұлттық коалиция баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ірі қалаларда, шалғай өңірлерде де үгіт-насихат материалдары таратылып, жаңа Конституцияға қоғам тарапынан кең қолдауды көрсететін тақырыптық билбордтар мен плакаттар ілініп жатыр. Танымал қазақстандықтар, оның ішінде спортшылар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері және еңбек адамдары жаңа Конституцияны қолдап, өз таңдауын жасады.
Билбордтар мен плакаттарда елге танымал спортшылардың, ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, жұмысшы мамандық иелерінің, сондай-ақ «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы атанған көпбалалы отбасылардың фотосуреті орналастырылған. Көптеген көрнекі материалда науқанға қатысушылар Конституция жобасын қолдайтын пікірін бөлісіп, азаматтарды референдумға қатысуға шақырады.

Науқан аясындағы билбордтар, LED-экрандар, баннерлер мен плакаттар қалалардың орталық көшелерінде және қоғамдық орындарда орналастырылып, олармен күн сайын мыңдаған тұрғын танысуға мүмкіндік алды. Барлық материал қазақ және орыс тілдерінде әзірленіп, барынша кең аудиторияны қамтуға бағытталды. Науқанның визуалды келбеті бірыңғай стильде жасалған: фирмалық көгілдір-көк фон, «Жаңа Конституция» логотипі мен айқын белгіленген құсбелгі, сары түсті акценттер және «Мен жаңа Конституцияны қолдаймын!», «Жаңа Конституция — халық таңдауы!», «Жаңа Конституция — әділетті Қазақстанның іргетасы!», «Әділетті Конституция — қуатты мемлекет» деген нақты үндеу сипатындағы ұрандар жарияланған.

Жаңа Конституцияны ашық қолдағандардың қатарында бокстан көптеген чемпиондық атақтың иегері Геннадий Головкин, Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров, дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, бокстан әлем чемпионы Назым Қызайбай, бокстан әлем чемпиондары ағайынды Махмұд Сабырхан мен Төрехан Сабырхан, Қайрат футбол клубының футболшылары Шерхан Қалмұрза мен Темірлан Анарбеков, сондай-ақ кәсіби сумошы Ерсін Балтағұл бар. Сондай-ақ конституциялық өзгерістерге қолдау білдіргендердің қатарында опера әншісі Мария Мудряк, шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, көркем гимнастикадан Азия чемпионы Әлия Юсупова да бар.

Жаңа Конституция жобасын ғылым мен медицина саласының өкілдері де қолдап отыр. Олардың қатарында академик Асқар Жұмаділдаев, академик-физик Ерлан Батырбеков, профессор-нейрохирург Серік Ақшолақов, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев, академик-репродуктолог Вячеслав Локшин, профессор-репродуктолог Салтанат Байқошқарова, философия докторы Бейбіт Әбдікенов, білім беру саласының философия докторы Лаура Қарабасова және құрылыс саласының философия докторы Назерке Бердіқұл бар.

Плакаттарда еңбек ұжымдары да көрсетілген: «Шахтинская» шахтасының және «Родина» агрофирмасының жұмысшылары бар. Науқанда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары – Төремұратовтар және Өзбековтер отбасыларына ерекше орын берілген. Олар еңбек жолын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырған әулеттердің және отбасылық құндылықтардың жарқын үлгісін көрсетеді.

Азаматтар билбордтардың алдында түскен фотосуреттерін белсенді түрде жариялап, өз қалаларында жаңа плакаттардың ілінгенін әлеуметтік желілерде бөлісуде. Сарапшылардың пікірінше, мұндай белсенділік деңгейі қазақстандық қоғамның азаматтық кемелдігін және конституциялық өзгерістерге дайын екенін білдіреді.

15 наурызда өтетін референдумға шығарылған жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және елдің одан әрі тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруға бағытталған.