Қазақстанда ұлттық рейтингтік агенттік құрылмақ

Қазақстанда ұлттық рейтингтік агенттік құрылмақ
Фото: freepik.com

Қазақстанда кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметін реттеудің толыққанды жүйесі қалыптастырылмақ. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасын талқылау барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Заң жобасы аясында рейтингтік қызметті реттеудің негізгі бағыттары айқындалған. Атап айтқанда, бұл салада қызмет жүргізу үшін қажетті заңнамалық база қалыптастыру қарастырылған. Құжатта кредиттік рейтингтік агенттіктердің үш түрін қамтитын институционалдық модель енгізіледі. Біріншіден, тәуелсіз ұлттық рейтингтік бағалау институты ретінде қазақстандық рейтингтік агенттік құру ұсынылады. Оның акционерлері қатарында Ұлттық банк, халықаралық рейтингтік агенттік және басқа да қаржы ұйымдары болады. Ұлттық банк агенттіктің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, нарық тарапынан сенімнің артуына ықпал етеді», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Екінші бағыт – халықаралық рейтингтік агенттіктерді қамту. Олардың қатарына Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше кемінде бес ел мойындаған өзге де агенттіктер кіреді.

«Сонымен қатар заң жобасында рейтингтік қызметті мемлекеттік бақылау және қадағалау тетіктерін енгізу көзделген. Құжатта кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу мен бақылаудың толық циклі қарастырылады. Агенттікке халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану, мониторингтеу және тануды кері қайтарып алу, сондай-ақ рейтингтік қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау өкілеттіктері беріледі. Нарыққа кіру үшін халықаралық агенттіктерге нақты біліктілік талаптары қойылады. Олардың қатарына кемінде бес жылдық тәжірибе, жеткілікті меншікті капитал, тексерілген әдіснама және институционалдық тәуелсіздігі жатады», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.

Оның айтуынша, отандық рейтингтік агенттікке қойылатын жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі шегі заңға тәуелді актілер арқылы белгіленеді. Алдын ала есеп бойынша жарғылық капитал көлемі шамамен 10 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш өзге елдердегі ұлттық рейтингтік агенттіктер тәжірибесіне сәйкес келеді.

«Қазақстандық рейтингтік агенттікке өз қызметі туралы толық ақпаратты реттеуші органға ұсыну міндеті жүктеледі. Оның ішінде рейтингтер, қолданылатын әдіснамалар және тарихи статистика жөніндегі деректер бар. Сонымен қатар ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптар бекітіледі. Агенттікке тексеру жүргізу және қадағалау шараларын қолдану бойынша тиісті өкілеттіктер беріледі», – деді ведомство басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Банктер туралы жаңа заңға байланысты депозиттерге кепілдік беруде не өзгеретіні жайлы жазған болатынбыз.