Қазақстанда шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады

Қазақстанда шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады
Фото: Көлік министрлігі

Smart Cargo цифрлық платформасының арқасында Қазақстанда шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады. Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, көлік-логистика саласына ЖИ енгізу процестерді жеңілдетуге, шығындарды азайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Трансформацияның негізгі құралы мемлекеттік органдар мен бизнесті біріктіретін Smart Cargo платформасы болды. QR код арқылы жүйе жүк деректеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді, құжаттарды автоматты түрде тексереді, маршруттар құрады және қажетті рұқсаты анықтайды. Бұл шекарадан өту уақытын 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартады деп көзделіп отыр.

«Цифрландыру теміржол секторына да әсер етті, онда 10-ға жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның негізгісі – KinetiX диагностикалау жүйесі. Бұрын диагностика қолмен жүргізіліп, 2 сағатқа дейін уақыт алатын және адам факторына тәуелді болатын. Қазір жүйе вагондарды 9 негізгі параметр бойынша автоматты түрде, нақты уақыт режимінде тексереді. Нәтижесінде диагностика 8 минутқа дейін қысқарды. Жүйе интеллектуалды бейнеаналитика арқылы вагондардың дефектерді автоматты түрде анықтайды, алдын ала болжайды, деректерді жинайды, нақты уақыт режимінде есеп береді. Бұл қауіпсіздікті және пойыз қозғалысының жылдамдығын арттырады», - деді Нұрлан Сауранбаев.

Оның айтуынша, Автомобиль көлігі саласында жүк тасымалын интеллектуалды бақылау жүйесі енгізіліп жатыр. Жасанды интеллект көлік маршруттарын анықтайды, салмақ өлшеу стансаларымен деректерді салыстырады, кемшілікті анықтайды және автоматты түрде сигнал береді. Бұл салмақ бақылаудан айналып өтуді болдырмайды және жолдардың тозуын азайтады.

«Бірыңғай интеллектуалды көлік жүйесі е-Көлік қалыптасып келеді. Платформа QazTech-те құрылады және барлық көлік түрін біріктіреді. Бұл деректерді жинауға, өңдеуге, көлік ағынын болжауға және шешімді автоматты түрде қабылдауға мүмкіндік береді. Әлемдік бағалау бойынша көлік саласы деректердің ең ірі генераторының бірі. Осыған байланысты жасанды интеллекті оларды өңдеудің негізгі құралына айналады. Е-Көлік саланы алдын ала басқаруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.