Қазақстанда медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер қосылған құн салығынан босатылды
Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ұсынылатын медициналық қызметтер мен дәрілік препараттар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуден босатылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
«Бұл 3 мыңнан астам дәрі-дәрмекті қамтиды. Оның 1 200 атауы орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудада сату кезінде ҚҚС-тан босатылуы тиіс.
Сондай-ақ сирек және әлеуметтік сипаттағы ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалтуға қатысты медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды», - делінген хабарламада.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес көтерме және бөлшек саудада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізу кезінде ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесін қолдану көзделген. 2026 жылғы қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 5%, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10%-ға жетеді.
Денсаулық сақтау министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп рецептілік дәрілік заттарды реттеу мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады.
Еске сала кетейік, былтыр Денсаулық сақтау министрлігі бөлшек сауда желісіндегі дәрілік заттарға шекті бағаларды реттеуді енгізді. Нәтижесінде бүгінде 3 780 атау бойынша дәрілік препараттардың бағасы орта есеппен 26%-ға төмендегені тіркелді.
Дәріханаға барған кезде дәрілік заттардың өзекті бағаларын Dari.kz мобильдік қосымшасы арқылы тексеруге болады.
Бұған дейін Үкіметте денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланғанын жаздық.