Қазақстанда инвесторларды әкімшілік қысымнан қорғау күшейді
Қазақстанда «прокурорлық сүзгі» тетігінің енгізілуі инвесторлардың құқықтарын қорғау тиімділігін арттырып, оларға қатысты тексерулер мен әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайларын азайтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, биыл прокуратура органдарына инвесторларға қатысты мемлекеттік органдар қабылдаған 3 547 шешім келіп түскен. Олардың қатарында тексерулер, әкімшілік өндірістер, шектеу және тыйым салу шаралары, сондай-ақ сот талап-арыздары бар.
Бас прокуратура жанындағы комитеттің Прокурорлық сүзгі басқармасының бастығы Мақсат Орақбаевтың айтуынша, қаралған материалдардың нәтижесінде прокурорлар мемлекеттік органдардың 620 шешімін келісуден бас тартқан. Соның арқасында инвесторлардың құқықтарын қорғау тиімділігі 18 пайызға жеткен. Былтыр бұл көрсеткіш 9 пайыз болған.
«Осылайша инвесторлар пайдасына қабылданған шешімдердің үлесі екі есеге артты. Әсіресе, әкімшілік материалдар бойынша келісуден бас тарту жағдайлары шамамен 50 пайызға көбейді. Сонымен қатар инвесторларға қатысты шектеу және тыйым салу шараларының, тексерулер мен талап-арыздардың алдын алу фактілері де артты», – деді Мақсат Орақбаев.
Мысалы, бір жағдайда мемлекеттік орган формалды себептерді алға тартып, инвесторға 354 мың тонна дайын өнімді экспорттауға лицензия беруден бас тартпақ болған. Бұл шешім келісімшарттың бұзылуына және шетелдік серіктестер тарапынан айыппұл салынуына әкелуі мүмкін еді. Алайда прокуратураның араласуынан кейін лицензия рәсімделіп, кәсіпкер ірі шығыннан құтылған.
Бас прокуратураның дерегінше, биыл инвесторларға жүргізілетін тексерулер саны 6 пайызға, ал әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілері 16 пайызға қысқарған.
Егер 2025 жылдың алғашқы төрт айында инвесторлардың 24 пайызына тексеру жүргізілсе, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 18 пайызға дейін төмендеген.
Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілікке тартылған инвесторлар саны да азайған. Мәселен, Алматы қаласында мемлекеттік органдардың бірі инвесторға айыппұл салмақ болған. Алайда тексеру барысында әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткені анықталып, прокуратура кәсіпкерге 2 миллион теңге көлемінде заңсыз айыппұл салу әрекетінің алдын алған.
Қадағалау органының мәліметінше, «прокурорлық сүзгі» тетігі бизнесті негізсіз қысымнан және әкімшілік кедергілерден қорғаудың тиімді құралы ретінде өз нәтижесін көрсетіп келеді.
Бұған дейін Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілетінін жаздық.