Қазақстанда денсаулыққа қауіпті азот тотығына қарсы бақылау күшейеді
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап азот тотығының заңсыз айналымына тыйым салынып, оны заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл зат уақытша эйфория бергенімен, денсаулыққа өте қауіпті. Ол гипоксияға, жүйке жүйесінің бұзылуына және тіпті өлімге алып келуі мүмкін.
ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов азот тотығын анықтау бойынша негізгі тәсілдер дайындалғанын айтты. Негізгі мақсат – заттың құрамын нақты анықтау және зерттеу нәтижесінің дәлдігін қамтамасыз ету.
«Қазіргі таңда әдістеме жобасы аяқталып, аумақтық бөлімшелерді қажетті жабдықтар жиынтығымен жарақтандыру мәселесі шешілуде. Сонымен қатар, сарапшыларды даярлау және қолданыстағы тізбеге мамандықтың жаңа түрлерін енгізу мәселесі пысықталуда», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.