Ата заңды жаңарту ел тарихында алғаш рет ашық форматта өтті – Бибігүл Жексенбай
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Астана қалалық мәслихатының депутаттары Жалпыұлттық коалиция аясында Ұлттық ғылыми медициналық орталық ұжымымен Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылау және түсіндіру мақсатында кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында сенатор конституциялық реформаның ашық форматта жүргізілгеніне ерекше тоқталды.
«Қазақстан тарихында алғаш рет Ата заңды жаңарту үдерісі толықтай ашық форматта өтті. Конституциялық комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетілді, ал Конституцияның аралық мәтіні қоғамдық талқылауға ұсынылды. Электрондық порталдар арқылы шамамен 10 мыңға жуық ұсыныс пен пікір келіп түсті. Бұл жаңа Конституция жобасына шынайы ұлттық сипат беріп, қоғам сенімін нығайтты», - деді сенатор.
Сондай-ақ, депутат жаңа Конституция жобасында денсаулық сақтау жүйесінің орнықты дамуына арналған берік құқықтық негіз қарастырылғанын, мемлекеттік және жеке медицина арасындағы теңгерімді сақтау басты қағидат ретінде белгіленгенін айтты.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері арасында кең қоғамдық пікірталас тудырған, әрбір сала маманына тікелей әсер ететін Конституция жобасының 32-бабына ерекше назар аударылды.
Сенатордың айтуынша, мемлекет өз әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартпайды, керісінше, қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету жауапкершілігін күшейтеді. Аталған бап мемлекеттік және жеке денсаулық сақтау салаларының үйлесімді дамуын көздейді. Бұл денсаулық сақтау саласындағы жеке бастамаларды қолдап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін дамытуға, медициналық туризмді қоса алғанда, тұрақты кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға жол ашады.
Кездесу соңында сенатор медицина саласы қызметкерлеріне халыққа адал қызметі және қоғамдық диалогқа белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
«Күшті денсаулық сақтау жүйесінсіз Әділ Қазақстанды да, елдің тұрақты болашағын да елестету мүмкін емес», - деді Б. Жексенбай.
Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызда өтеді. Сенатор медициналық қоғам өкілдерін аталған референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Бұған дейін Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Жалпыұлттық коалиция аясында Астана қаласында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылауға арналған бірқатар кездесу өткізгенін жаздық.