Бибігүл Жексенбай: Өз таңдауымызды жасау – азаматтық парызымыз
Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Жалпыұлттық коалиция аясында Астана қаласында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылауға және түсіндіруге арналған бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алғашқы кездесу этномәдени бірлестіктер мен Достық үйі қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Еркін форматтағы ашық диалог барысында қатысушылардың сауалдарына жауап беріліп, азаматтық сектор өкілдерінің конституциялық қағидаттарды іске асыруға қатысу тетіктері талқыланды. Кездесу пікір алмасуға, ұсыныстар айтуға және қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған мазмұнды алаңға айналды.

Сенатор Бибігүл Жексенбай өз сөзінде Конституцияның қоғам өміріндегі айрықша маңызын атап өтті.
«Конституция – бұл шектеулі шеңбердегі заңгерлер ғана емес, сан саланың мамандарының, қоғам қайраткерлерінің, белсенді азаматтардың қатысуымен әзірленген еліміздің даму стратегиясын айқындайтын халықтық, тарихи құжат. Ол мемлекет пен оның азаматтары арасындағы негізгі қоғамдық келісім. Яғни мемлекеттік міндеттемелер де, әр азаматтың құқықтары мен міндеттері де нақты айқындалған. Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жеке өмірге қол сұқпау, дербес деректердің қауіпсіздігі айтарлықтай күшейтілді», - деді.
Сонымен қатар талқылау барысында сенатор институционалдық өзгерістерге де назар аударды.
«Жаңа Конституцияда Парламенттің тек атауы ғана емес, рөлі де күшейтіліп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілік жүйесі қалыптастырылады», - деп атап өтті.
Кездесу соңында сенатор Конституция тек құқықтар жиынтығы ғана емес, ортақ жауапкершіліктің де көрінісі екенін айтты.
«Конституция – бұл тек мемлекетке қойылатын талап емес, бұл әрқайсымызға қойылатын талап. Сондықтан 15 наурызда өтетін бүкілхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасау – әр азаматтың азаматтық парызы», - деп түйіндеді сенатор.
Бұған дейін Астанада сенаторлар Ұлттық архив қызметкерлерімен кездескенін жаздық.