Астанада сенаторлар Ұлттық архив қызметкерлерімен кездесті
Парламент Сенатының депутаттары Бибігүл Жексенбай және Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві қызметкерлерімен «Жаңа Конституция жобасы: негізгі бағыттар және қоғамдағы рөлі» тақырыбында кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында сенаторлар жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, оның мемлекеттігімізді нығайтатын, ел дамуын жаңа кезеңге шығаратын стратегиялық құжат екенін атап өтті.
«Жаңа Ата заң жобасы – бұл тек құқықтық құжат емес, ол азаматтар мен билік арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің көрінісі. Бұл реформа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін заманауи стандарттарға сай жетілдіруге бағытталған. Дербес деректердің қауіпсіздігі, адамның жеке өмірін қорғау, балалар мен қоғамды зиянды ақпараттан сақтау – жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттары. Бұл нормалар әрбір азаматтың күнделікті өміріне, құндылықтарына тікелей әсер етеді. Референдум – әр азаматқа өз таңдауын жасап, тарихи үдерістерге тікелей қатысу мүмкіндігі. Сіздің дауысыңыз – жаңа Ата заңның қалыптасуына және еліміздің болашағына ықпал етеді. Ал архив қызметкерлері – тарихи құжаттарды сақтаушылар ғана емес, елдің рухани жадына жауапты, осы тарихи кезеңнің мәнін терең түсінетін қауым», - деді Бибігүл Жексенбай.
Өз кезегінде сенатор Дархан Қыдырәлі Ұлттық архив ұжымының қызметіне тоқталды.
«Сіздердің еңбектеріңіз жаңа заң жобасының іске асуына тікелей үлес қосады. Мұрағат ісін цифрландыру, деректер қорын дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, архив құжаттарын сақтаумен қатар, олардың қауіпсіз әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету – бұл реформаның нақты және маңызды бағыттарының бірі», - деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Кездесу соңында депутаттар 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңыздылығын атап өтіп, азаматтарды ел болашағы үшін маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.