Қазақстан спутник экспорттаушы елге айнала ала ма
Бұл туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Аманат Үмбетбаев пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазіргі таңдағы ең үлкен жетістік деп өзімізде ғарыштық аппаратты құру, сынау орталығын құрып қана қоймай, оны жинай бастағанымызды айтар едім. Оған қоса Қазақстан спутниктерді экспорттау шарттарына қол қойып, осы бойынша жұмыстардың басталуы ең басты жетістіктің бірі деп санаймын. Сонымен қатар цифрландыру саласында ғарыштық мониторингтің нәтижелеріне бұрынғы жылдарға қарағанда соңғы жылдары сұраныс жоғарылады. Қазір мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалар қашықтықтан зондтауды цифрландыру саласының бірден-бір ажырамас бөлігі ретінде қабылдай бастады. Неліктен? Мысалы, цифрландыруда ең бастысы ашық көрсету маңызды. Спутниктер нені түсірді, соны мониторингтен көруге болады. Оны ешкім спутникке суреттің, деректің белгілі бір жерін өшіріп тастауға нұсқау бере алмайды. Бұл ашық цифрландыру процесінде маңызды рөл атқарады деп санаймын», – деді Аманат Үмбетбаев.
Сонымен қатар ол осы саладағы алдағы 5-10 жылда атқарылуы мүмкін жоспар туралы айтты.
«Алдағы 5 жылда өзіміздің инженерлер, яғни Ghalam еншілес компаниямыздың инженерлері дайындап жатқан спутниктің ұшуы, экспорттық шарттар аясында жер серігін жасап ұшыру сияқты жоспарлар бар. Әрине, басқа да компаниялар жасап жатқан жобалардың жүзеге асуы біз үшін маңызды. Болашақта жасанды интеллектіні жер үстіндегі қызметтерге ғана емес, алгоритмін жасап, алдағы спутниктеріміздің ішіне де қоссақ деген ниеттеміз. Қазіргі таңда спутник жасайтын компанияларды көп деуге де, көп емес деуге де болады. Алдағы 10 жылда «Қазақстан Ғарыш Сапары» және Ghalam спутник жасаудан әлем бойынша танымал компаниялар қатарына қосылсақ деген мақсат-жоспарымыз бар. Соған қадам басып отырмыз», – деді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі.
Сұхбаттың толық нұсқасын Elordainfo.kz порталынан оқи аласыз.