Қазақстан Моңғолияда ветеринариялық вакцина өндіретін кәсіпорынды іске қосуға ниетті

Қазақстан Моңғолияда ветеринариялық вакцина өндіретін кәсіпорынды іске қосуға ниетті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Моңғолия Премьер-министрінің бірінші орынбасары – экономика және даму министрі Жадамбын Энхбаярдың екіжақты кездесуінде бірлескен өндіріс құру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сауда және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын, сондай-ақ бірлескен өндіріс құру мәселесін талқылады. Атап айтқанда, Моңғолия аумағында ветеринариялық вакцина өндіретін кәсіпорынды іске қосу, сондай-ақ Қазақстанда түбіттен жасалған бұйым мен ет өнімін өндіруді ұйымдастыру бастамасы қаралды.

Сондай-ақ, Серік Жұманғарин Астанада өткізілген Қазақстан-Моңғолия бизнес форумында сөз сөйледі.

Екі елді тарихи жақындық, өзара сыйластық пен экономикалық байланыстарды арттыруға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. Бизнес-форум тұрақты іскерлік байланыс қалыптастырудың практикалық алаңына айналатыны атап өтілді.

Мемлекет басшыларының өзара тауар айналымын $500 млн-ға арттыру міндетін ескере отырып, вице-премьер ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы қол қойылған уақытша сауда келісімінің маңыздылығын баса айтты.

«Біз бұл құжатты сауданы арттыруға, кооперацияны дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік беретін нақты құрал ретінде қарастырамыз»,  - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Қазақстан мен Моңғолия жан басына шаққанда жермен қамтамасыз ету деңгейі бойынша әлемде көшбасшы орынға ие. Бұл ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеует туғызады. Мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу, ветеринария, техника жеткізу мен заманауи агротехнологияны енгізу басым бағыттар қатарына жатады.

Моңғолия Премьер-министрінің бірінші орынбасары – экономика және даму министрі Жадамбын Энхбаяр ЕАЭО-мен келісім шеңберінде моңғол экспортының 367 тауар түріне тарифтік жеңілдік берілетінін хабарлады. Бұл ретте олардың 97,5%-ы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өніміне тиесілі. Бұл – Моңғолияның негізгі бәсекелестік артықшылығы.

Цифрландыру мен инновация саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстан «Astana Hub» халықаралық технопаркі мен «Alem.Aі» ұлттық жасанды интеллект орталығы секілді заманауи технологиялық экожүйені қалыптастыруда.

Вице-премьер моңғол IT-компанияларын Big Data, блокчейн, «бұлтты» технологиялар мен R&D-орталықтарының әзірлемелерін коммерцияландыру саласындағы бірлескен зерттеулер мен жобаларды қосқанда, осы алаңдар шеңберіндегі ынтымақтастыққа шақырды.

Еске салсақ, Баян-Өлгейде Қазақстанның консулдығы ашылады.