Қазақстан мен Украина іскерлік байланысты жандандыру жөнінде келісімге келді
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Мищенкомен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективасын, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның қызметін қайта бастау мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі ел арасындағы негізгі өзара іс-қимыл бағытының бірі агроөнеркәсіп кешені болып қала бермек. Кездесуде Қазақстанның бірқатар өңіріндегі сүт шаруашылықтарының бірнеше жылдан бері Украина сүт өндірушілері қауымдастығымен асылтұқымды сүтті малды жеткізу, тауарлы сүт фермаларын басқару саласындағы қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі ынтымақтастығы аталып өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы 415,8 млн долларға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артық ($394,3 млн).
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстаннан Украинаға экспорт негізінен ферроқорытпа, тыңайтқыш, күріш және басқа да тауарлардан тұрады. Ал импорт бойынша шоколад және құрамында какао бар басқа да өнімдер, ұн және кондитерлік өнімдер, дәрілік заттар, сүзбе мен ірімшіктер және тағы да басқалар жеткізіледі.
Кездесу соңында тараптар іскерлік байланысты жандандырып, МАК қызметін жаңғыртуды пысықтау, сондай-ақ басым секторлардағы, әсіресе, агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты арттыру жөнінде келісті.
Бұған дейін хорват инвесторлары Қазақстанда көмірсутектерді өндіруді толық қаржыландыратынын жаздық.