Қазақстан мен Оңтүстік Корея мұнай жеткізуді тұрақтандыруға келісті
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде стратегиялық энергетикалық серіктестіктің келешегін талқылау үшін келген Корея Республикасының өкілетті делегациясымен бірқатар жұмыс кездесулері өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Сапар аясында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Корея Республикасының жоғары лауазымды делегациясымен кездесу өткізді. Тараптар мемлекеттер арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтіп, ірі инфрақұрылымдық және технологиялық бастамаларды іске асыруға екіжақты мүдделілікті растады. Салалық ынтымақтастықтың практикалық мәселелері Корея Республикасының жаңа Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чон Кванмен өткен кеңейтілген кездесуде талқыланды. Ведомство басшылары отын-энергетика кешеніндегі бірлескен жобаларды дамытудың жаңа кезеңінің бағыттарын егжей-тегжейлі қарастырды.
Күн тәртібінде мұнай-газ саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан тарапы Корея ұлттық мұнай корпорациясының (KNOC) ел нарығындағы табысты әрі көпжылдық тәжірибесін атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық шикі мұнайды Оңтүстік Кореяға тұрақты әрі өзара тиімді жеткізу мәселесі бойынша ортақ ұстанымға келді.
Электр энергетикасы да негізгі тақырыптардың бірі болды. Бұл саладағы басты серіктес – Doosan Enerbility корпорациясы. Компания Атырау облысында қуаты 310 МВт болатын «Қарабатан» бу-газ қондырғысын сәтті іске асырған. Қазіргі уақытта Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын ірі жобаның бас мердігері болып жұмыс жүргізіп жатыр.
Кездесулер қорытындысында оңтүстіккореялық компанияларға Қазақстандағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларға тек мердігер ретінде емес, толыққанды бірлескен инвестор ретінде қатысу ұсынылды.
Екі елдің өкілдері алдағы уақытта да озық технологияларды енгізу арқылы орнықты экономикалық дамуға негізделген стратегиялық энергетикалық әріптестікті нығайтуға ниет білдірді.