Қазақстан Мексиканың академиялық қауымдастығына конституциялық реформаларды таныстырды
Қазақстанның Мексикадағы елшілігінде Халықаралық қатынастар факультеттерінің Мексика қауымдастығының (Asociación Mexicana de Estudios Internacionales – AMEI) өкілдері үшін брифинг өтті. Брифинг барысында Қазақстандағы конституциялық және саяси реформалардың негізгі тұстары туралы түсініктеме берілді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
AMEI – Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ең ірі қауымдастықтардың бірі.
Қазақстанның Мексикадағы елшісі Алмұрат Тұрғанбеков Қазақстан жаңа Конституциясының жобаcын таныстырып, 15 наурызда Қазақстанның Негізгі заңын қабылдау туралы жалпыұлттық референдум өтетіндігін хабарлады.
Аталған ақпарат AMEI құрамындағы профессорлар мен шақырылған жергілікті БАҚ өкілдерінде үлкен қызығушылық туғызды.

Жақын арада қауымдастықтың арнайы подкаст және сұхбат циклі шеңберінде Қазақстандағы үдерістерді жариялап отыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен бірге, дипломатиялық қауымдастық пен AMEI арасындағы ынтымақтастықтың жаңа беті ашылды. Атап айтқанда, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, дипломатиялық корпус болашақ мексикалық халықаралық қатынастар мамандарымен байланыстарын жандандырады.
Еске салсақ, Францияда Қазақстанның жаңа Конституция жобасы таныстырылды.