Қазақстан климаттың өзгеруі мәселесін БҰҰ алаңында көтерді

Қазақстан климаттың өзгеруі мәселесін БҰҰ алаңында көтерді
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің делегациясы Германияның Бонн қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі маусымдық келіссөздеріне (SB 64) қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық іс-шара аясында өткен пленарлық отырыста Қазақстан атынан ресми мәлімдеме жасалды. Онда елдің климаттық күн тәртібіндегі негізгі басымдықтары мен халықаралық міндеттемелерді орындау бағытындағы жұмыстары таныстырылды.

Атап айтқанда, Қазақстан жаңартылған ұлттық айқындалған үлесті (NDC 3.0) іске асырудың маңыздылығына ерекше назар аударып, климаттың өзгеруінің салдарына бейімделу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

Министрлік мәліметінше, келіссөздер барысында климаттық саясат, парниктік газдар шығарындыларын азайту, орнықты даму және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқылануда.

Айта кетейік, БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі маусымдық келіссөздері 8 маусымда басталды. Бонндағы халықаралық форум 18 маусымға дейін жалғасады. Қазақстан делегациясы осы кезеңде бірқатар ресми кездесу мен тақырыптық талқылауларға қатысады.

Бұған дейін Жапония мен БҰҰ ДБ Каспий теңізін қолдауға арналған жаңа жобаны іске асырып жатқанын жазған едік.