Қасым-Жомарт Тоқаев: Нағыз сарбаздың абырой-беделі Отан алдындағы қызметімен өлшенеді
Елордада әскери оқу орындарын үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» шендері берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтерген еді.
«Оларға қалыптасқан дәстүрге сай «лейтенант» емес, «аға лейтенант» шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім.
Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік.
Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың «атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын» деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді.
Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін.
Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр. Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын!
Қызметтеріңізге табыс тілеймін!
Туымыз әрдайым көкте желбіресін!
Қазақ елі мәңгі болсын!», - деді Президент.