Қасым-Жомарт Тоқаев: Мен – мемлекетшіл адаммын

5 қаңтар, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қасым-Жомарт Тоқаев: Мен – мемлекетшіл адаммын
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сіз кімсіз?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мен 1975 жылы КСРО сыртқы істер министрлігінің табалдырығын алғаш рет аттадым, мемлекеттік қызметке келгеніме былтыр 50 жыл болды. Алғашқы мамандығым бойынша мен – қытайтанушымын. Бұл кәсіп айрықша табандылықты қажет етеді. Шынымен де, мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағдыланғанмын, нашар стильді, әсіресе, әріп қатесін суқаным сүймейді. Жолдауларымды, сөйлейтін сөздерімді, мақалаларымды, тіпті, әріптестеріме жолданатын хаттардың бәрін тікелей өзім қарайтынымды аппараттағылардың барлығы біледі.

Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құлқым мен дүниетанымыма өз әсерін тигізді. Сондықтан, «Сіз кімсіз?» деген сипаттағы сауалыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін», - деді Президент. 

Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.