Референдум-2026

Қаржы министрлігінде жаңа Конституцияның құндылықтарын насихаттауға арналған велошеру өтті

Қаржы министрлігінде жаңа Конституцияның құндылықтарын насихаттауға арналған велошеру өтті
Коллаж: Қаржы министрлігі

ҚР Қаржы министрлігінде жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай велошеру және тимбилдинг іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға министрліктің орталық аппараты, комитеттері мен ведомствоға қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Ведомствоның мәліметінше, велошеру жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын – заң үстемдігін, мемлекеттің жауапкершілігін, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды, сондай-ақ қоғам бірлігі мен ел мүддесіне қызмет ету құндылықтарын насихаттауға арналды.

Қаржы министрлігінде жаңа Конституция мемлекеттік институттардың жұмысына қойылатын талаптарды жаңа деңгейге көтеретіні аталып өтті. Әсіресе, қаржы, салық, кеден, қазынашылық және бақылау салаларындағы қызметтің сапасы азаматтардың мемлекетке деген сенімі мен елдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ Конституцияда азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіліп, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігі нақты айқындалғаны айтылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, велошеру ұжымның бірлігі мен ортақ мақсат жолындағы жауапкершілігін білдіретін символдық іс-шараға айналды.

Жарыс қорытындысы бойынша Қаржы министрі Мәди Такиев жеңімпаздарды дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.

Әйелдер арасында І орынды Әйгерім Садыбек (Мемлекеттік қазынашылық комитеті), ІІ орынды Әлия Дәулетбаева («Digital Silk Road Company» ЖШС), ІІІ орынды Айгүл Сәрсембенова (Мемлекеттік қазынашылық комитеті) иеленді.

Ерлер арасында Әли Қызайбай («Электрондық қаржы орталығы» АҚ) жеңімпаз атанса, Айбек Рымтай (Мемлекеттік кірістер комитеті) екінші, Қайрат Сұлтанбеков («Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ) үшінші орынға ие болды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, ведомствода корпоративтік мәдениетті дамыту, қызметкерлердің денсаулығын нығайту және командалық жұмысты күшейтуге бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар жаңа Конституцияның құндылықтарын түсіндіру және кеңінен насихаттау жұмысына министрліктің аумақтық органдары мен ведомствоға қарасты ұйымдары да белсенді қатысады.

Бұған дейін «Әділет» партиясында жаңа Конституцияның күшіне енуі талқыланғанын жазған болатынбыз.