Психотроптық заттарды өткізумен айналысқан Көкшетау және Петропавл қаласының тұрғындары 7 жылға сотталды

Бүгін, 11:41
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Психотроптық заттарды өткізумен айналысқан Көкшетау және Петропавл қаласының тұрғындары 7 жылға сотталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Көкшетау қаласының прокуратурасы жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен α-PVP психотроптық затының заңсыз айналымы туралы іс бойынша сот отырысының тікелей онлайн-трансляциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Анықталғандай, айыпталушылар алдын ала сөз байласып, психотроптық затты аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алып, оны өткізу мақсатында сақтаған.

Сот үкімімен бір сотталушы 7 жылға, екіншісі 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

Сот отырысына жастар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында онлайн және офлайн форматта 470 студент қатысты.

Қала прокуратурасы ескертеді: есірткі заттарының заңсыз айналымы қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады және жастардың болашағын біржола бұзуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін интернет-алаяқтар республика бойынша 121 азаматқа 8,9 млн теңге залал келтіргені туралы жаздық.