Профессорлар жаңа Конституция жобасын қолдады
Қазақ технология және бизнес университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен жаңа Конституция жобасы бойынша сарапшылары пікір алмасуға арналған дөңгелек үстелде бас қосты. Жиын барысында 15 наурызға жоспарланған референдум қарсаңында Ата заңға енгізілетін өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Постсоветтік уақыт аяқталды. Ол да өз кезеңінде қажет болды. Қазіргі кезде жаңа Конституцияны қабылдайтын уақыт келді. Конституцияны талқылауға халық қатысты. Бір нұсқа бекітілді дегенде тағы бір уәж айтылып, қайта қаралды. 9-бап жөнінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мемлекеттік тіл өз тұғырында екенін нақты жеткізді.
Қазіргі геосаяси жағдайда көрші мемлекеттерде ахуал ушығып тұр. Осындай кезеңде Конституцияны жаңартып, оны қазақстандық азаматтардың мүддесіне сай бейімдеу – биліктің көрегендігі деп есептеймін. Бұл шешімге болашақ ұрпақ өз бағасын береді. 15 наурыз күні өтетін референдумға барша қазақ жұрты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қатысуы қажет», – деді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.
Талқылау барысында бірнеше профессор жаңа Конституцияның өзгерістері жайлы ойымен бөлісті.
«Жаңа Конституцияның қабылдануына оң көзқарастамын. Мұндағы басты артықшылық – адами ресурстардың бағалануы. Жаңа және қолданыстағы Конституцияны салыстырып көрдім, айырмашылығын байқадым. Бұл – үлкен жауапкершілік. Қазақстанның әрбір азаматына қатысты маңызды құжат болғандықтан, барлығы жауапкершілікпен қарап шығуы тиіс», – деді дөңгелек үстелге қатысушы, ҚазТБУ профессоры Саят Бердіғалиұлы.
Кездесу барысында қатысушылар өзін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірін ортаға салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосудың негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын ғылыми қауымдастық пен қоғам өкілдеріне жан-жақты түсіндіру және азаматтық белсенділікті арттыру.