Президент Ұлттық құрылтайда ел дамуына қатысты келелі ұсыныстарын жасады – Нұртөре Жүсіп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ел дамуына қатысты келелі ұсыныстарын жасады. Біріккен Парламент енді Құрылтай деп аталатын болды. Болашақ депутаттар саны анықталды. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жаңадан Халық кеңесі құрылатын болды. ҚХА мен Ұлттық құрылтай бірігіп, жылына бір мәрте бас қосатын іргелі кеңесші орган жұмыс істейді. Президент Қызылорда өңірінің қарышты дамуына оң бағасын берді. Біздің назарымызға Өнер мен мәдениет мәселелері туралы айтқан сөздері түсті», - деді Сенат депутаты.
Президент Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді. Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көрдім. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады.Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі», - деді.
«Міне, рухани салада осындай жаңалықтар жүзеге асады. Рухы мықты елге айналсақ, басқа мәселелерді тез еңсеруге болады», - деді Нұртөре Жүсіп.