Президент: Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді

Бүгін, 13:38
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент: Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі.

Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар.

Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын.

Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат.

Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ.

Әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік – осы.

Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг «I have a dream», яғни «Менің де арманым бар» деген еді. Сондықтан «мына әлемді жақсарта түсемін» деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет екенін айтты.

«Әлемдегі ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Түрлі қақтығыстар мен шиеленістер ушығып, болашақты болжау қиынға соғуда.

Соған қарамастан еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біз табанды еңбектің арқасында барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Кез келген сын-қатерге төтеп береміз. Өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені айрықша маңызды.

Тағы да атап өткім келеді: мен халқымыздың, әсіресе, жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенемін.

Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, бәріміздің қастерлі мекеніміз. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтіп бермейді. Қазақстанның мықты, қуатты, озық болғаны тек бізге ғана керек.

Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Осы міндетті орындау үшін бәріміз бір қоғам болып еңбек етейік, достар!», - деді Мемлекет басшысы.

Форумда сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Вера Ким, «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдіраш, Dosco қоғамдық қорының директоры Айнұр Аймұрзина, эковолонтер Бауыржан Жақыпов, тарихи-мәдени мұралар саласындағы волонтер Андрей Лутошкин, Халықаралық волонтерлер жылының Еуропа мен Орталық Азия бойынша аймақтық үйлестірушісі, БҰҰ-дағы қазақстандық ерікті Зарина Мирабдуллаева сөз сөйледі.