Президент: Еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жетті

Президент: Еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жетті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағаттарда волонтерлер кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істегеніне тоқталды. 

«Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жандарға көмектесті.
Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп.
Халқымыз «Жақсыны ісінен таны» деген. Сіздер қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде көрсетіп жүрсіздер.
Баршаңызға мәлім, мен Мемлекет басшысы ретінде еріктілер қозғалысына ерекше мән беремін», - Президент.

Мемлекет басшысы қазір еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жеткеніне атап өтті.

«Қазақстан «волонтер болам, қоғамдық іспен айналысам» деген әрбір азаматты қолдайды.
Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.
Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғамға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасампаз жастарға зор үміт артамын», - Қасым-Жомарт Тоқаев.