Президент: Ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз

Президент: Ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысын қорытындылай отырып Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді , деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның маңызды тұстары туралы айтқанымды білесіздер», - деді Президент. 

Мемлекет басшысы жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатқанына тоқталды. 

«Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», - ол.
Президент былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілгенін атап өтіп, сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түскенін мәлімдеді. 

«Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған. 

Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өткен. Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келген. «Ата Заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген байлам жасаған. . 

«Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын. 

Азаматтарымыз Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі. 

Еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз» қағидаттары өте маңызды. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылады. 

Қазірдің өзінде бір нәрсені күмәнсіз айтуға болады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр. Бұл құжат мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді», - деді Президент.