Премьер-министр тапсырмасы: 1 маусымға дейін кедергісіз орта қалыптастыратын «әмбебап дизайн» бекітілуі тиіс
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов кедергісіз ортаны қалыптастыру және қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігін жақсарту қажеттігін баса айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кедергісіз орта қалыптастыру үшін мектептер мен вокзалдар, дүкендер мен дәріханалар сияқты инфрақұрылым нысандарын бейімдеу ісінің маңызы зор.
Бізде ұлттық стандарт қабылданған. Оны сапалы жүзеге асыру үшін «әмбебап дизайн» мен қарапайым, қолжетімді қағидаларды енгізген жөн. Олар міндетті түрде орындалуға тиіс.
Сонымен қатар барлық меншік нысанындағы қолданыстағы объектілерді бірыңғай нормаларға сәйкес келтіру жұмысын бақылауды қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов жергілікті жерлерде орын алып отырған кемшіліктерді атап өтті.
«Әкімдіктер тарапынан жергілікті деңгейде ведомствоаралық үйлестіруге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Осы уақытқа дейін нысандарды бейімдеу барысында қағазбастылық пен көзбояушылық азаймай келеді. Вокзалдар мен әуежайларда, вагондар мен ұшақтардың ішінде қолжетімді орта толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Пойыздарды инвакупесі бар вагондармен жабдықтау қарқыны да баяу», - деп атап өтті Премьер-министр.
Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілді: Өнеркәсіп және Көлік министрліктері биылғы 1 маусымға дейін елде кедергісіз орта қалыптастыруға арналған «әмбебап дизайнды» ведомстволық бұйрықпен бекітуі тиіс.
Көлік саласындағы нысандардың қолжетімділігі мәселесін кешенді түрде шешу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру керек.