Полицейлер 100 келіден астам марихуана мен 2 келі гашиш тәркіледі

Бүгін, 12:59
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Полицейлер 100 келіден астам марихуана мен 2 келі гашиш тәркіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидасы бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жамбыл облысында ұзақ мерзімді жедел іздестіру іс-шаралары барысында аса ірі көлемде каннабис тобына жататын есірткі заттарын өткізуімен айналысқан төрт тұрғыннан тұратын қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Күдіктілердің тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілген тінту барысында 100 келіден астам кептірілген марихуана, 2 келіден астам гашиш және каннабис шайыры тәркіленді.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Осы баптың санкциясы 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

«Қазіргі уақытта ұсталған тұлғаларға қатысты есірткі заттарын өткізу бойынша қосымша 7 факт анықталуда, сондай-ақ есірткі жеткізу арналарының басқа өңірлерге бағытталған жолдары белгіленуде.

Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, Көлік полицейлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 9,5 келі есірткі тәркіледі.