Полицейге балағат сөздер айтқан азамат қоғамдық жұмысқа міндеттелді

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Полицейге балағат сөздер айтқан азамат қоғамдық жұмысқа міндеттелді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қалалық соты телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қызметтік міндетін атқару кезінде билік өкілін қорлау фактісі бойынша (ҚР ҚК 378-бабының 2-бөлігі) азамат Р.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сот 2025 жылғы 6 тамызда шамамен сағат 23:00-де Р. «102» жедел байланыс желісіне қасақана бірнеше рет қоңырау шалып, телефон арқылы сөйлесу барысында қызметтік міндетін атқарып жүрген Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі көмекшісінің атына балағат сөздер айтып, қорлайтын сөздер қолданғаны анықталды.

Сот талқылауы барысында сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Оның кінәсі жәбірленуші мен куәнің айғақтарымен, телефон сөйлесулерінің аудиожазбасымен, сот-психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысымен, сондай-ақ іс материалдарымен дәлелденді», - делінген хабарламада.

Сотталушы жасаған құқық бұзушылық қылмыстық теріс қылық болып табылады. ҚР ҚК 378-бабының 2-бөлігіне сәйкес жаза ретінде жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не жүз алпыс сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не қырық тәулікке дейін қамауға алу көзделген.

Сот сотталушы Р.-дың жеке басын, бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын, тұрғылықты жері бойынша оң сипатталуын, сондай-ақ жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, оған 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.

Сотталушыға қоғамдық жұмыстарды өтеуден жалтарған жағдайда, олар әрбір өтелмеген төрт сағат үшін бір тәулік қамауға алумен алмастырылатыны түсіндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Алматыда есірткі таратумен айналысқан 29 жастағы тұрғыннан 25 орама мефедрон тәркіленгенін жаздық.