Референдум-2026

«Оқырман сарбаз» байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін, 17:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Оқырман сарбаз» байқауының жеңімпаздары анықталды
Фото: Қорғаныс министрлігі

78460 әскери бөлімінде «Сарбаз+» пилоттық жобасы негізінде жүзеге асырылып жатқан «Оқырман сарбаз» зияткерлік байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Білім беру жобасына мерзімді әскери қызметтің 133 сарбазы қатысты. Бір ай бойы олар арнайы іріктелген әдебиеттерді оқып, кейін кешенді тестілеуден өтті. Бағалау барысында тек шығарманың мазмұнын білуі ғана емес, оқығанын талдап, логикалық тұрғыдан пайымдау қабілеті де ескерілді.

Жоба авторы, танымал блогер Данияр Жігітбек бастаманың басты мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, армияның тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін орта екенін көрсету деп атап өтті.

– Біз жастардың кітап оқып, ой-өрісін кеңейтіп, интеллектуалдық тұрғыдан дамығанын қалаймыз. Әскер білек күшін шыңдап қана қоймай, терең ойлайтын азамат та тәрбиелеуі тиіс. Жоба өзінің тиімділігін көрсетті, сондықтан оны алдағы уақытта да жалғастырамыз, – деді Данияр Жігітбек.

Бұдан өзге ол бұл бастаманың әскери қызметтің беделін арттыруға, кітапты білімнің қайнар көзі ретінде дәріптеуге және әскер мен сарбаздардың отбасылары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталатынын айтты.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды қатардағы жауынгер Дулат Базарбай иеленіп, 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынды қатардағы жауынгер Ислам Ілияс (200 мың теңге), үшінші орынды қатардағы жауынгер Кәлен Қайсар (100 мың теңге) алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің ақшалай сыйақылары олардың ата-аналарының банк шоттарына аударылды.

– Бұл жоба біз үшін жаңа әлемнің есігін ашып, кітап оқуға деген қызығушылығымызды оятты. Әскерде жауынгерлік және дене дайындығымен қатар, сарбаздардың интеллектуалдық дамуына да ерекше көңіл бөлінеді, – деді байқау жеңімпазы, мерзімді әскери қызметтің қатардағы жауынгері Дулат Базарбай.