Олжас Бектенов инклюзивті білім беру моделін жаңартуды тапсырды

Бүгін, 11:45
Думан Аманжол Думан Аманжол
Олжас Бектенов инклюзивті білім беру моделін жаңартуды тапсырды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Олжас Бектенов логопедтер, сурдологтар мен реабилитологтардың жетіспеушілігі бойынша азаматтардың өтініштеріне байланысты Министрлер кабинетіне тапсырма берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр мұғалімдерді даярлауды күшейтуді және психологиялық-педагогикалық көмектің қолжетімділігін кеңейтуді тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды сүйемелдеу жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

«Психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия мұқтаж балаларды түгел кешенді тексеруден өткізіп үлгере алмай жатыр. Ұзын кезек бірнеше айға дейін созылып кетуде. Арнайы мамандар – яғни логопедтер, сурдологтар, реабилитологтар жетіспейді. Педагогтерде ерекше балалармен және ересектермен жұмыс істеу дағдысы толық қалыптаспаған. 

Мысалы, мұғалімдердің барлығы бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керектігін біле қоймайды. Оны азаматтардың көптеген өтініштерінен байқауға болады», - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне тапсырма берді:

- ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша мұғалімдерге арналған оқыту курстарын тұрақты негізде өткізсін.

- 1-ші қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің, кадрлармен қамтамасыз етуді арттырудың және қолдау қызметтерін күшейтудің сапалы жаңа моделін енгізсін.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инклюзивті саясатты жүзеге асыру шаралары қаралды