Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді

Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында алға қойған міндеттері аясында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының қазіргі жағдайы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Павлодар облысының Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру шеңберінде жер учаскелері айқындалып, негізгі келісімдер жасалды, сондай-ақ қуаты 215 МВт болатын қосалқы станса сатып алынды. Аталған шаралар жобаның энергетикалық инфрақұрылымының негізін қалыптастырады.

Кеңес барысында инвесторлар үшін энергиямен жабдықтаудың жеңілдетілген тарифтік моделі бекітіліп, тиісті инвестиция және салық преференциялары белгіленді.

Бағдат Мусин халықаралық технологиялық және инвестициялық компанияларды тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, АҚШ, Қытай және Үндістан елдерінен «бұлтты» есептеу, үлкен деректерді өңдеу және ЖИ салаларында жұмыс істейтін 20-дан астам hyperscale-компаниялармен келіссөз жүргізілген.

Келіссөз қорытындысы бойынша 100 МВт-тан жоғары қуатқа алдын ала сұраныс қалыптастырылды. Сонымен қатар «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының жалпы әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жетеді және ірі «зәкірлік» клиенттерді орналастыруға есептелген.

Премьер-министр қажетті нормативтік шешімдерді қабылдауды жеделдетуді және жобаның барлық кезеңінің белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Еске салсақ, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі деректер орталығын салу жөнінде Reformatics Ltd. компаниясымен келісім жасалды