Нашақорлыққа қарсы күресте цифрлық шешімдер қалай қолданылады

Нашақорлыққа қарсы күресте цифрлық шешімдер қалай қолданылады
Фото: t.me/ortcom_kz

ҚР нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында цифрлық шешімдер белсенді қолданылады. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Данияр Мейрханның сөзінше, 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар қауіптерге қарсы іс-қимылдың толық циклін, атап айтқанда, алдын алу мен ерте анықтаудан бастап, жедел әрекет етуге, цифрландыруға және халықаралық ынтымақтастыққа дейінгі барлық бағытты қамтиды.

«Бағдарламалық құжатты әзірлеу кезінде жетекші IT-компанияларды тарта отырып, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді пайдалануға ерекше назар аударылды», – деді спикер.

Жоспарда аналитикалық және жедел жұмыста жасанды интеллектіні енгізу; газ талдағыштары мен спектрлік камералары бар ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу; ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарын жеке химиялық қорғау, ұшқышсыз ұшу аппараттарын бейтараптандыру құралдарымен жарақтандыру; заттай дәлелдемелерді сақтау камераларын цифрландыру; цифрлық іздер базасын қалыптастыру көзделген.

«Жоспарды іске асырудың нәтижесінде мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу жоспарланып отыр: синтетикалық есірткілердің қолжетімділігін оларды айналымнан тәркілеу көлемін арттыру арқылы төмендету; есірткі мен прекурсорларды, оның ішінде халықаралық тасымалдау арналарын анықтау; есірткі контрабандасының жолын кесу; есірткі қылмысы саласындағы ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою; құқыққа қарсы контенттің жалпы санынан есірткі сататын сайттар мен жарнамаларды анықтау; медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламасымен барынша қамту; есірткі құқық бұзушылықтары үшін ұсталған кәмелетке толмағандар санын азайту», – деді Данияр Мейрхан.

Бұған дейін медициналық ЖОО-ларда тәуелділікті зерттеумен айналысатын пәндер енгізілуі мүмкін екенін жаздық.